Білім

Ата-аналарға ресурстық кабинет таныстырылды

Ақтөбе қаласындағы №3 орта мектепте инклюзивті білім берудің ресурстық кабинеті ашылды. Сондай-ақ, инклюзивті білім беруді жүзеге асыру мақсатында психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде Ашық есік күні өтті.

Мамандардың сөзінше, ресурстық кабинет ерекше қажеттіліктері бар балаларды  жалпы білім беру мектептеріне бейімдеп, оларға қолайлы жағдай жасау үшін қажет. «Дара» қорының бұл бастамасына облыстық білім басқармасы мен «Samruк-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қолдау танытқан. Мектептегі инклюзивті білім берудің ресурстық кабинеті — төрт аймақтан тұратын заманауи кеңістік: ата-аналар үшін кеңес беру алаңы, баланың релаксация аймағы, мұғалімдер мен мамандар үшін топтық жұмыс алаңы және жеке сыныптар үшін аймақ. Осылайша, мектеп білім алатын кез келген баланы дамыту үшін достық атмосфера һәм жағдай жасайды. Ресурстық кабинеттің жұмысы, сонымен  қатар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды мектепке бейімдеудің әдіснамалық тәсілдерін әзірлеуге және сынауға бағытталатын болады.Ал психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің Ашық есік күнінде ерекше білімді қажет ететін балалар мен олардың ата-анасына және БАҚ өкілдеріне жалпы мекеменің жұмысы таныстырылды. Түзеу кабинеті балаларға жан-жақты көмек беру үшін барлық құралдармен жабдықталған: емдік дене тәрбиесінің кешені, монтессори құралдары, сөйлеу және есту қабілетін дамытуға арналған компьютерлік бағдарламалар, дамыту ойындары мен материалдар. Шара аясында мұғалімдер мен ата-аналарға мамандар ерекше білімді қажет ететіндерге жүргізілетін жұмыстарға қатысты шеберлік сыныбын өткізді. Жалпы, инклюзивтік білім беру білім беру жүйесін түрлендірудің бағыттарының бірі болып саналады, ол сапалы білімнің барлығына қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Инклюзивті білім беру әлеуметтік бейімделу және интеграциялау жолдары арқылы білім алуда ерекше қажеттіліктері бар  балаларды олардың физикалық, интеллектуалдық және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан жалпы білім беру ортасына қосуды қамтамасыз етеді.Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірде білім алуда ерекше қажеттіліктері бар 5,5 мыңнан астам бала тұрады.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button